Бұл туралы бүгін Алматыда қала маңындағы азық-түлік белдеуін дамыту мәселелері бойынша өткізілген алқалы жиын барысында айтылды.
«Соңғы мәліметтер бойынша, Алматы қаласының азық-түлік нарығы 2,8 млрд. АҚШ долларына бағалануда. Алматылықтар жыл сайын 215 мың тоннадан астам ет өнімдерін, 200 мың тонна ұн, 210 мың тонна сүт, 600 мың тоннадай көкөніс тұтынады. Сұраныс үздіксіз өсіп келе жатыр. Бұл қала тұрғындарының көптігі, оның сатып алу мүмкіндігі және мұнда бірқатар ірі және орта өңдеу кәсіпорындарының орналасуына байланысты. 2012 жылы қаланың тамақ өнеркәсібі 146 млрд. теңгенің өнімін өндірді. Ондағы өсім алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,5 пайызды құрады», - дейді қала әкімінің орынбасары Ербол Шорманов. Оның айтуынша, шаһарда тамақ өндірісі өнімдері көлемінің өсу үрдісі сақталуда. Бұл кәсіпорындардың сұранысы сүтте 203 тонна, етте 40 тонна, майлы дақылдарда 220 мың тонна. Кеден одағы құрылғаннан кейін қалада Ресей мен Белорус елінің азық-түлік өнімдері көбейді. Сондай-ақ мұнда Қытай, Қырғызстан және Өзбекстан елдері де өз өнімдерін жеткізеді.
Ербол Шормановтың айтуынша, «сарапшылардың бағалауынша, Алматыда импорттық өнімдердің үлесі сүт және жеміс-жидек өнімдерінде 40 пайызға жуық, етте - 30 пайызды құрайды. Қала жеткілікті деңгейде импорттық өнімдерге тәуелді болғандықтан бұл инфляция үдерісінде тәуекелді ұлғайтуда. Қазіргі таңда қаланың тұтыну сұранысы халық пен кәсіпорындарда да негізінен оңтүстік және солтүстік өңірлерден жеткізілген азық-түлік есебінен жабылады. Алматы облысы сұраныстың жартысынан азын ғана жабуда. Алматы облысында өндірілген азық-түлік өнімдерінің өсімі байқалғанмен, әзірге ол айтарлықтай деңгейде емес».