Импорттық тауар бағасының бірден төмендеуін күтудің қажеті шамалы - ҰЭМ
Түсініктемені баспасөз хатшы Самал Ыбраева Фэйсбук əлеуметтік желісіне жария етті.
"Сіздерге ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің баға мен доллар бағамы арасындағы байланыс туралы жауабына орай шағын түсіндірме жасауға рұқсат етіңіздер. Министр біздің ведомствоның дүкен сөрелеріндегі барлық тауарлардың баға түзіліміне тікелей қатысы жоқтығын түсіндірді. Долларсыздану туралы бізде бұрыннан айтылып келеді, бізге біртіндеп бағаны долларға айналдырудан арылу қажет екенін айтты. Министр сондай-ақ, импортқа тәуелділіктен құтылу үшін өз өндірісімізді дамытуды атап өтті. Сонда біз теңге бағамының кез келген басқа валютаға қатысты өзгерісіне алаңдамайтын боламыз. Және сөз жоқ, өндірістегі бәсекелестік бағаны барынша әділетті деңгейге жақындата алады. Ал әзірге импорттық тауар бағасының бірден төмендеуін күтудің қажеті шамалы, себебі бұл бірінші кезекте бизнес үрдістерге байланысты",-деп атап өткен баспасөз хатшысы.
Самал Ыбраева атап өткендей, кәсіпкерлер белгілі бір қорларға, ұзақмерзімді келісімшарттар мен міндеттемелерге ие бола алады. "Азық-түлікке сұраныстың қазіргі деңгейіне қарағанда бәсекелестік импортқа, өндіріс иелеріне және тауар жеткізушілерге табиғи жолмен әсер етуі тиіс. Баға өзгерісі егер теңге бағамының шетел валютасына қатысты төмендеуі үрдісі сақталатын болса, тек біртіндеп орын алуы мүмкін",-дейді ол.
Жалпы, Самар Ыбыраева айтып өткендей, ұлттық экономика министрлігі әлеуметтік маңызды тауар бағасына қатысты жағдайды ұдайы бақылауда ұстайды. Жəне де баспасөз хатшысы "Ұлттық экономика министрі қашанда ақпаратты жасырмайтынын, жағдайды ашық айтатынын, журналистермен сөйлесуден бас тартпайтынын, қолайсыз сауалдарға жауап беруден басын алып қашпайтынын" атап өткен.