«Биыл санитарлық-эпидемологиялық мониторинг барысында комитет зертханалары 80 мыңнан астам өнімдерді зерттеуден өткізсе, соның 2,5 пайызы немесе 2 мыңнан астамы талаптарға сай келмейтін болып шықты», - деді комитет басшысы. Оның сөзіне қарағанда, талапқа сай келмейтін тауарлардың басым үлесі - импорттық тауарлар. Мәселен, зертханалық талдаулар барысында сиыр бүйрегінен жасалды делінген паштеттен шошқа еті табылған. Ал сүт өнімдері мен ірімшіктердің майлылығы, ақуыздар массасы құрамына сай болмай шықты.
«Сараптамалық жұмыстар нәтижесінде бас санитар-дәрігердің 9 қаулысы шықты. Онда мынадай өнімдерді әкелуге, сатуға тыйым салынды: Ресейден әкелінетін құс еттері, Австралиядан әкелінетін мұздатылған сиыр еті, Ресей мен Беларусь елдерінен және үшінші елдерден әкелінетін алкогольдік ішімдік өнімдері, Украина мен Ресей ірімшіктері, Латвия майшабақтары және Қытай ойыншықтары - бұлардың бәрінен жағымсыз сапалық құрамдар айқындалған», - деді Ә.Матишев.