ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан ұлттық құрамасы сапында батысқазақстандық ескекшілер Инчхонда өтіп жатқан Азия ойындарының чемпионы атанды.
Алдымен оралдық Алексей Дергунов екі кісілік байдаркада Евгений Алексеевпен бірге 1 мың метр қашықтықта үздік шықты. А.Дергунов - Лондон Олимпиадасына қатысқан тәжірибелі спортшы.
Сондай-ақ тағы бір батысқазақстандық Андрей Ергучев төрт кісілік байдаркада Илья Голендов, Дәулет Сұлтанбеков, Александр Емельяновпен бірге 1 мың метр қашықтықта Қазақстанға он екінші алтын медальді әкелді.
Бұдан бұрын А.Дергунов пен А.Ергучев Азия чемпионы атанған болатын. Енді, міне, тағы бір жеңіске қол жеткізіп отыр.
Аталмыш Азия ойындарында осыған дейін батысқазақстандық дзюдошы Азамат Мұқанов қола жүлдегер атанған еді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).