Шаршы алаңға шыққан қазақстандық былғары қолғап шебері Ілияс Сүлейменов (52 кг) жергілікті боксшы Сангдон Чуды жеңіп, жартылай финалға жолдама алды, деп хабарлайды Қазақстан бокс федерациясынан.
Бұл сайыста Ілияс шеберлік, табандылық және жеңіске деген жігерлік жағынан қарсыласынан басым түсті. Оның дәл соққылары кәріс боксшысының адымын аштырмады. Екінші раундта қабағы тілінсе де Ілияс жекпе-жекті жеңіспен аяқтады. Қорытынды есеп - 2:1.
Айта кетелік, бұдан үш жыл бұрын дәл осы Инчхон қаласында өткен Азия біріншілігінде Ілияс күміс медальге қол жеткізген болатын. Енді міне, бұл жолы да бір жүлдеге қол жеткізіп отыр.
Енді алдағы 2 қазанда өтетін жартылай финалда Ілияс Сүлейменов жапондық боксшы Шота Хаяшимен қолғап түйістіреді. Ол өз кезегінде түркімендік Зарип Жұмаевты 2:0 есебімен жеңген болатын.
Сол күні осы салмақ дәрежесінде тағы бір жартылай финалда Шахобиддин Зоиров (Өзбекстан) пен Мұхаммад Вассим (Пәкстан) кездеседі.
Қазір шаршы алаңда Данияр Елеусінов (69 кг) өнер көрсетуде. Одан кейін Әділбек Ниязымбетов (81 кг) бағын сынайды.