ИНЧХОН-2014: Қазақстандық боксшы Антон Пинчук ширек финалға жолдама алды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Бүгін Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өтіп жатқан 17-ші Азия ойындарында қазақстандық боксшы Антон Пинчук (91 кг дейін) алғашқы жеңісіне қол жеткізді.

Ол 1/8 финалда қырғызстандық боксшы Сергей Паренконы 3:0 есебімен тізе бүктірді, деп хабарлайды Қазақстанның бокс федерациясынан. Осымен бокстан ұлттық құрама команданың төртінші боксшысы жеңіске жетті. Енді ширек финалда Антон 30 қыркүйек күні кешкі сессияда өзбек Рүстем Тулягановпен қолғап түйістіреді. Ол өз кезегінде қытайлық Ксянксян Вангты қапы қалдырған болатын.

Естеріңізге сала кетелік, бүгін Антон Пинчукпен қатар Қайрат Ералиев (56 кг) пен Әділбек Ниязыметов те ширек финалға жолдама алды.

Ертең Азия ойындарында күндізгі сессияда бокстан әйелдер арасындағы сайыстар басталады. 1/8 финалда Жайна Шекербаева (51 кг) жапондық Томоко Кугумиямен, ал Гүлжайна Үбіниязова (60 кг) филиппиндік Нести Петесиомен бақ сынасады. Ал кешкі сессияда Ілияс Сүлейменов (52 кг) индонезиялық Хулио Бриамен қолғап түйістіреді. Одан кейін шаршы алаңға тұғыш рет команда капитаны Данияр Елеусінов (69 кг) шығады. Оның қарсыласы - қытайлық Тайпейдің боксшысы Ченг Су.