ИНЧХОН-2014: Қазақстандық боксшы Ілияс Сүлейменов финалға шықты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өтіп жатқан 17-ші Азия ойындарында бокс сайыстарының жартылай финалдық кезеңі басталды.

Қазақстандық былғары қолғап шебері, 2011 жылғы Азия біріншілігінің күміс жүлдегері Ілияс Сүлейменов (52 келі) шаршы алаңда жапондық боксшы Шота Хаяшидамен кездескен болатын. Отандасымыз қарсыласын бет қаратпай 3: 0 (30:25, 30:25, 30:25) есебімен жеңіп, финалға шықты, деп хабарлайды Қазақстанның бокс федерациясынан. Ертең Ілияс Азиаданың алтын медалі үшін 2013 жылғы Азия біріншілігінің күміс жүлдегері өзбекстандық Шахобиддин Заировпен қолғап түйістіреді.