АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өтіп жатқан 17-ші Азия ойындарында өкінішке қарай, 75 келі салмақ дәрежесінде жарыс жолына шыққан боксшымыз Марина Вольнова қарсыласынан айласын асыра алмады. Бұл туралы ҚР Бокс федерациясының баспасөз қызметінен хабарлады.
Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының көшбасшысы Марина Вольнова жартылай финалда Корей Халық Демократиялық Республикасының былғары қолғап шебері Унху Янгпен жұдырықтасқан болатын. Әлем біріншілігіне екі мәрте қатысқан корейлік боксшы М.Вольнованың финалға шығуына еш мүмкіндік бермеді. Кездесу қорытындысы 3:0 есебімен У.Янгтың пайдасына шешілді.
Дегенмен, Маринаның қоржынында Азиада ойындарының қола медалі бар.
Марлан Жиембай
Абай облысының Аягөз ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін бітірген. 2005 жылдан бері "ҚазАқпарат" халықаралық ақпарат агенттігінде жұмыс істейді.