Инчхонда Азия ойындары ресми ашылды

АСТАНА. ҚазАпарат - Инчхонда 27-ші Азия ойындарының ресми ашылу шарасы өтті, деп хабарлады Vesti.kz.

Төрт актіден тұратын Азия ойындарының ашылу салтанаты барысында құрлықтың тарихы толығымен көрсетілді. Алғашқы бөлімде көне замандағы Азия көрермен назарына ұсынылса, соңғы бөлімде құрлықтың қазіргі өмірі паш етілді. Шоуды қоюға бірнеше мың адам қатысты. Сонымен қатар Кореяның EXO, JYJ және Big Bang сынды музыкалық топтары өнер көрсетті. Әсіресе, Gangnam Style хитін орындаған PSY трибунаға жиналған халықтың зор қошеметіне бөленді.

Осыдан кейін командалардың дәстүрлі шеруі басталды. Осы жолғы ойындарға 45 елдің спортшылары қатысуда. Қазақстандық делегация құрамында спортшыларды, жаттықтырушылар мен ресми тұлғаларды қоса алғанда 600 адам сап түзеп өтті. Қазақстанның көк байрағы Лондон олимпиадасының күміс жүлдегері, боксы Әділбек Ниязымбетовтің қолында желбіреді.

Айта кетерлігі, Азия ойындарына еліміздің үздік спортшылары қатысатын болады. Олардың қатарында Олимпиада чемпиондарының Зульфия Чиншанло мен Ольга Рыпакова, әлем чемпиондары мен жүлдегерлері, құрлықтық біріншіліктердің жеңімпаздары бар.

Ертең Инчхонда Қазақстан спортшыларының қатысуымен жарыстар басталады. Азия ойындары 4 қазанда аяқталады.