InDepthNews агенттігінің Бас директоры Рамеш Жаура ҚазАқпаратта қонақта болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «ҚазАқпарат» ХАА Бас директоры Асқар Умаров Халықаралық баспасөз синдикатының жетекші агенттігі «IDN-InDeptNews» (IDN) Бас директоры, шеф редактор Рамеш Жаурамен, сондай-ақ InDepthNews агенттігінің Токиодағы басшысы Катсуширо Асагиримен кездесті.

Кездесу барысында тараптар ақпарат агенттіктерінің өзара ынтымақтастығы мәселелерін талқылады. «ҚазАқпарат» ХАА Бас директоры Асқар Умаров агенттіктің тарихына, оның бүгінгі жұмысына тоқталып, халықаралық қызметі туралы әңгімелеп берді.

«Біз Қазақстанның ғана емес, Орталық Азияның көптеген жаңалықтарын «ҚазАқпарат» агенттігі арқылы біліп, танысып отырамыз. Әрине, Қазақстан жас мемлекет болғанымен, оның болашаққа бағдары салмақты. Қазақстан экономикалық тұрғыдан да, халықаралық ынтымақтастық тұрғысынан да әлем елдері үшін қызықты ел деп ойлаймын. Дегенмен, бұл ел туралы халықаралық деңгейде ақпараттар жеткілікті емес. «ҚазАқпарат» ХАА осы олқылықтың орнын толтыру үшін қызмет етіп отырғанын білеміз. Сол үшін Сіздермен ынтымақтастықта жұмыс істеу біз үшін де аса маңызды», - деді Рамеш Жаура. 

Сондай-ақ тараптар бүгінгі ақпарат ғасырындағы дәстүрлі БАҚ рөлі, әлеуметтік медианың агенттіктерге әсері жөнінде пікір алмасып, жаңа медианың маңызы туралы әңгіме өрбітті. Алдағы уақытта тәжірибе алмасу, әсіресе экономикалық ақпараттарды өзара алмаса пайдалануға ынталы екендіктерін айтты. 

Еске сала кетейік, «ҚазАқпарат» ХАА мен IDN-InDepthNews арасында ынтымақтастық туралы меморандумға былтыр қол қойылған болатын.

InDeptNews агенттігі негізінен БҰҰ қызметіне қатысты жаңалықтар мен талдау материалдарын жариялайды. Соның ішінде әлемнің әр түкпіріндегі жаңалықтар бойынша ақпараттық талдауларды, әлемге және адамзатқа әсерін тигізетін репортаждар мен материалдарға қатысты өз ұстанымдарын, көзқарастарын жариялап отырады. 2009 жылдан бастап онлайн қызметін іске қосқан агенттіктің желісі әлемнің барлық дерлік өңірлерін қамтып отыр. Соның ішінде Орталық Азия өңіріне арналған арнайы айдары да бар.

Халықаралық ұйым ресми түрде Берлинде, Сингапурда және Токиода тіркелген, орталығы Канадада орналасқан, ал редакциясының штаб-пәтері Нью-Йоркте.