АСТАНА. KAZINFORM — Индиан-Уэллс (АҚШ) турнирінде Қазақстанның бірінші ракеткалары Елена Рыбакина мен Александр Бубликтің қарсыластары анықталды. Рейтингілері жоғары болғандықтан, қос теннисші де жарысты екінші айналымнан бастайды.
Индиан-Уэллс WTA 1000 додасының өткен жылғы чемпионы, биылғы 4-ракеткасы Е.Рыбакина алғашқы кездесуін рейтингіде 84-орындағы аргентиналық Надя Подороскамен өткізеді. Аргентиналық ойыншы бірінші матчында америкалық, әлемнің 71-ракеткасы Эшлин Крюгерді жарыс жолынан тайдырды – 3:6, 6:3, 6:3.
Индиан-Уэллс мастерс турнирінің 20-ракеткасы болып тіркелген Бублик екінші айналымда рейтингіде 139-сатыда тұрған, 19 жастағы Цзюньчэн Шанмен шеберлік байқасады. Қытайлық теннисші күтпеген жерден әлемнің 33-ракеткасы, аустралиялық Джордан Томпсонды жеңіп кетті – 6:2, 6:3.
Сондай-ақ жарысты Александр Шевченко мен Юлия Путинцева да жалғастыруда.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Гөзал Айнитдинованың Қарағандыдағы ITF жарысының жартылай финалына өткенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Дмитрий Попко Бразилиядағы турнирдің ширек финалына жолдама алды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).