Индонезия Газаға бітімгершілік күштерін жіберуге дайын
АСТАНА. KAZINFORM – Индонезия Президенті Прабово Субианто БҰҰ Бас Ассамблеясында елінің Газаға бітімгершілік күштерін жіберуге дайын екенін айтты, деп хабарлайды TRT ақпараттық агенттігі.
— Әйелдер мен балаларды қоса алғанда мыңдаған жазықсыз адам көз жұмды, аштық пен инфрақұрылымның қирауы белең алды. Көз алдымызда гуманитарлық апат болып жатыр. Кінәсіз бейбіт тұрғындарға қарсы жасалған кез келген зорлық-зомбылық әрекетін айыптаймыз, — деді ол.
Субианто Индонезияның қақтығысты тоқтатуға бағытталған халықаралық күш-жігерге қосылуға дайын екенін атап өтті.
— Бітімгершілік күштерін ұсынуға дайынбыз. Палестина мәселесіне қатысты екі мемлекет шешімін қолдауды жалғастырамыз. Еліміз Израиль Палестина мемлекетін және Палестинаның тәуелсіздігін мойындаған сәтте Израиль мемлекетін дереу мойындайды және Израильдің қауіпсіздігі үшін барлық кепілдіктерді қолдауға дайын, — деді Индонезия Президенті Прабово Субианто.
Айта кетейік, Ұлыбритания, Канада, Австралия және Португалия БҰҰ Бас Ассамблеясы қарсаңында Палестинаны ресми түрде мойындаған болатын. Осыдан кейін Франция, Бельгия, Мальта және Люксембург секілді елдер де Палестинаны мойындағанын жариялады.
Қазіргі таңда БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің шамамен төрттен үші Палестинаны мойындаған. Өткен жылы Ирландия, Испания және Норвегия бұл шешімді ресми түрде қабылдады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Араб елдері батыстың Палестинаны мойындауын қуанышпен қабылдағаны туралы жазғамыз.