Индонезия министрi Мұхаммед Нұх Джакартада Қазақстанның мәдениет күндерiн өткiзуге шақырды

АСТАНА. 2 қыркүйек. ҚазАқпарат - Индонезия министрi Мұхаммед Нұх Джакартада Қазақстанның мәдениет күндерiн өткiзуге шақырды.

Бұл туралы бүгiн Астанада Индонезияның мәдениет күндерiнiң ашылуына арналған гала-концертте Индонезияның Бiлiм және мәдениет министрi Мұхаммед Нұх мәлiм еттi.

"Бүгiн екi ел арасындағы қарым-қатынастардың жаңа дәуiрi туды. Бiздiң елдер арасындағы әрiптестiктi одан әрi тереңдете түсу қажет. Қазақстанда Индонезияның мәдениет күндерiн өткiзуге үлкен көмегiн берген өзiмнiң әрiптесiм - Мұхтар Құл-Мұхаммедке алғысым шексiз. Мен Индонезияда Қазақстанның мәдениет күндерiн өткiзуге шақырамын", - дедi М.Нұх.

"Бiздiң халықтардың кем дегенде үш ұқсастығы бар: бiрiншiден, Қазақстан мен Индонезия әлемде маңызды рөлге ие, екiншiден, бiздiң мәдениеттерiмiз көп түрлi, көпұлтты және көпдiндi елдермiз, үшiншiден, бiз халықтар арасындағы мәдени әрiптестiктiң тереңдеуiне мүдделiмiз", - деп атап өттi министр.

Айта кетейiк, бүгiн, дүйсенбi күнi Астанада Индонезияның мәдениет күндерiнiң ашылуына арналған гала-концерт өткен болатын. Оған ҚР Мәдениет және ақпарат министрi Мұхтар Құл-Мұхаммед пен Индонезия Бiлiм және мәдениет министрi Мұхаммед Нұх қатысты.