Индонезия жағалауында 250 адам мінген паром өртенді

АСТАНА. KAZINFORM – Индонезияның Шығыс Ява провинциясы жағалауындағы Ява теңізінде Mutiara Santosa 2 паромында шыққан өрт салдарынан кемінде бес адам қаза тауып, тағы 41 адам із-түзсіз жоғалды, деп хабарлайды Синьхуа .

Фото: видеодан алынған скрин

Өрт жексенбі күні Шығыс Явадағы Сурабая қаласынан Сулавеси аралындағы Макассар қаласына бет алған Mutiara Santosa 2 паромында шыққан.

Индонезияның Ұлттық іздестіру-құтқару агенттігінің мәліметінше, кеме бортында шамамен 250 адам болған. Өрт паром Мадура аралы маңындағы Сапуди аралынан солтүстікке қарай шамамен 19 теңіз милі (35,2 шақырым) қашықтықта жүрген кезде тұтанған. Құтқарушылар жеткенше кеме түгелге жуық отқа оранған.

Сурабая қаласының іздестіру-құтқару қызметінің хабарлауынша, жолаушылардың көбі тілсіз жаудан құтылу үшін теңізге секіруге мәжбүр болған. Олардың бірнеше ондағанын маңайдан өтіп бара жатқан кемелер құтқарып алған.

Оқиға орнына құтқару кемелері, мамандар және қатты корпусты үрлемелі қайықтар жіберілді. Іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.

Өрттің шығу себебі анықталуда.

Материал Kazinform агенттігіне серіктес Синьхуа агенттігі ұсынған.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Мароккодан Сеутаға өтпек болған 67 мигрант қаза болды.