10:51, 30 Наурыз 2009
Индонезияда бұзылған бөгеттің салдарынан қаза болғандардың саны 91 адамға жетті
ДЖАКАРТА. Наурыздың 30-ы. ҚазАқпарат - Индонезияда бөгет бұзылып, ондаған адамның опат болғанын бұдан бұрын хабарлаған болатынбыз.
Соңғы ақпараттар бойынша, құрбандар саны 91 адамға жетіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Associated Press агенттігіне сілтеме жасап. Құтқарушылардың айтуынша, әлі де 100-ден астам адам із-түзсіз жоғалғандар санатында. Оқиға ауданында іздестіру-құтқару операциялары әлі жалғасуда. Жергілікті биліктің пікірінше, қайғылы оқиға тоқтамай жауған нөсер жауынның салдарына бөгет іргетасының шыдамағандығынан орын алған. Естеріңізге сала кетейік, Джакартаның оңтүстік-батысындағы 15 метрлік бөгет наурыздың 27-сі күні бұзылған болатын. Оқиға салдарынан жақын маңдағы үйлерге 2 миллион текшеметрдей су лап қойған. Аудандағы жүздеген ғимаратты су басып отыр, бес жүзден астам жергілікті тұрғын баспанасыз қалды.