Индонезияда ерлер командалары арасында клубтық Азия чемпионаты өтеді

АЛМАТЫ. 21 шілде. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Қытайдағы халықаралық турнирге қатысып жатқан "Алматы" волейбол клубы ерлер командалары арасындағы клубтық Азия чемпионатына қатысу үшін Индонезияға аттанып кетті.

Лалембанг қаласында 23-30 шілде күндері өтетін бұл дүбірлі додаға құрлықтың үздік 12 командасы қатыспақ. Команда сапында Әсет Базарқұлов, Марат Иманғалиев, Нариман Сүлейменов, Нөдірхан Қадырханов, Юрий Стулов, Антон Юдин, Александр Стольников, Сергей Кузнецов, Дмитрий Горбатков, Алексей Степанов, Виталий Мироненко мен Виталий Эрдштейн бар. Геннадий Паршиннің тәлімгерлері онда топтық кезеңде Иран, Катр, Түрікменстан, мТайланд және Мьянма командаларымен "В" тобында сынға түседі. Ал жарыс қожайындары Жапония, Қытай, Ауғанстан, Өзбекстан, Әзірбайжан және Вьетнам волейболшыларымен "А" тобында бақ сынамақ. Онда қазақстандықтар алғашқы ойынын Мьянма, ал соңғы кездесуін Катар волейболшыларымен өткізеді. Топтық сында алғашқы төрттіктің қатарына енгендер 28-31 күндері жүлделі орындарға таласады. Былтыр бұл байрақты бәсекеде 1-орынды Иран, 2-орынды Катар, 3-орынды Жапония, ал 4-5 орынды Қытай және Қазақстан спортшылары өзара бөліскен еді.