Индонезияда Malaysia Airlines ұшқышы ірі көлемдегі есірткімен қолға түсті

АСТАНА. KAZINFORM – Malaysia Airlines әуе компаниясының ұшқышы Индонезия астанасы Джакартада шамамен 70 мың экстази таблеткасымен ұсталды, деп хабарлайды Bild .

Фото: UzA

39 жастағы ұшқыш Джакартадағы Сукарно-Хатта халықаралық әуежайында қолға түскен. Кеден қызметкерлері оның жүгінен 70 114 экстази таблеткасын және аз мөлшерде метамфетамин тапқан.

Күдікті ұсталар алдында Malaysia Airlines компаниясының Куала-Лумпур – Джакарта бағытындағы MH727 рейсін орындаған. Ұшақ қонғаннан кейін жүргізілген есірткіге арналған тест оның ағзасынан экстази, метамфетамин және кокаин іздерін анықтаған.

Тергеу барысында ұшқыштың жанынан зәр құйылған шағын бөтелке табылған. Билік өкілдерінің болжамынша, ол есірткіге арналған талдау нәтижесін жасырын бұрмалау үшін дайындалған болуы мүмкін.

Тергеу мәліметінше, ұшқыш есірткіні тасымалдағаны үшін 50 мың малайзиялық ринггит (шамамен 10 мың еуро) алған. Тәркіленген есірткі партиясының құны 13,5 млн малайзиялық ринггитке (шамамен 2,86 млн еуро) бағаланып отыр.

«Malaysia Airlines ұшқышқа тағылған айыптарды өте байыппен қабылдайды және тергеу органдарымен толық ынтымақтастық орнатып отыр», – деп мәлімдеді әуе компаниясы.

Егер ұшқыштың кінәсі дәлелденсе, оған Индонезия заңнамасына сәйкес өмір бойына бас бостандығынан айыру немесе өлім жазасы тағайындалуы мүмкін. Алайда елде 2016 жылдан бері өлім жазасы іс жүзінде орындалмаған.

Ұшқыштың ұсталуы Malaysia Airlines компаниясын тағы да әлемдік назарға шығарды. Әуе компаниясының атауы осыдан 12 жылдан астам уақыт бұрын із-түзсіз жоғалған MH370 рейсімен де байланысты.

Айта кетейік, Шри-Ланкада 112 кг есірткі тасымалдаған 22 монах ұсталған болатын.