Индонезияда ірі жанартау атқылауынан кейін дабылдың ең жоғары деңгейі жарияланды
АСТАНА.KAZINFORM - Индонезияда Семеру жанартауы атқылады, нәтижесінде екі шақырым биіктікке көтерілген күл танымал туристік Ява аралын басып қалды. Билік қауіптіліктің ең жоғары деңгейін жариялады, деп хабарлайды Bild.
Вулканология агенттігінің мәліметі бойынша, атқылау 19 қараша күні түстен кейін басталды. Ыстық күл Семеру беткейін басып, жүздеген адамды эвакуациялауға және уақытша баспаналарға орналастыруға мәжбүр етті.
Индонезияда жер сілкінісі мен жанартау атқылауы жиі кездеседі. Биіктігі 3 676 метр болатын Семеру елдегі шамамен 130 белсенді жанартаудың бірі және Ява аралындағы ең биік тау. Оның ең соңғы қуатты атқылауы 2022 жылдың соңында болды.
Біз бұған дейін Индонезияда Левотоби Лаки-Лаки жанартауы қайта атқылай бастағанын жазған едік.
Сондай-ақ, Гавайидегі Килауэа жанартауы қайта оянды.