Индонезияда жанартау оянып, цунами болды

АСТАНА. Қазанның 27-сі. ҚазАқпарат - Индонезияда Мерапи жанартауының оянуы салдарынан ең аз дегенде, 13 адам қаза тапты. Ява аралында орналасқан бұл жанартау сейсенбі күні кешке қарай оянды. Жанартаудың ояну ықтималдығы туралы мамандар өткен аптада ескерткен болатын, деп хабарлайды ВВС компаниясы.

Ел өкіметі таудың етегінде орналасқан деревнялардың тұрғындарын қауіпсіз аймақтарға көшуге шақырып отыр. Мерапи жанартауы соңғы рет 2006 жылы от шашқан болатын, ол жолы апаттың салдарынан екі адам қаза болған еді.

Ал 1994 жылы жанартау 60 адамның өмірін қиса, 1930 жылы 1300 адамның өмірін қиған. Индонезия жоғары сейсмикалық және жанартау белсенділігіне себеп болатын бірнеше тектоникалық тақтаның түйіскен жерінде орналасқан, сондықтан да бұл жерде жиі жер сілкінеді, жанартаулар сөнбейді.

Елде сондай-ақ батыс Суматра жағалауына төнген қуатты цунамидің құрбандары да көбейіп отыр. Жергілікті Metro TV телекомпаниясына берген сұхбатында Ментаваи аралының әкімшілік басшысы Хендри Дори Сатоко мәлім еткендей, соңғы мәліметтер бойынша цунами салдарынан 108 адам қаза болған, 502 адам із-түзссіз жоғалған.

Цунами Рихтер бағамы бойынша 7,7 балдық жер сілкінісінің салдарынан туып отыр.