Индонезияда жанартау үш рет атқылады: күл бір шақырым биіктікке көтерілді

АСТАНА. IKAZINFORM — Индонезияның Шығыс Ява провинциясындағы Семеру жанартауы кемінде үш рет атқылаған. Жанартау шыңынан көтерілген күл бағанының биіктігі бір шақырымға жетті. Бұл туралы ТАСС агенттігі жазды.

Фото: Pexels

Индонезияның Вулканология және геологиялық апаттардың салдарын азайту орталығының мәліметінше, атқылау кезінде күл жанартау шыңынан 1000 метр биіктікке көтерілген. Осылайша, күл бағанының теңіз деңгейінен биіктігі 4676 метрге жеткен.

Жанартау атқылауы кезінде ақ және сұр түсті қою күл бұлттары пайда болып, батыс бағытқа таралған.

Мамандар жергілікті тұрғындар мен туристерге қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертті. Қызған тастардың атқылау қаупіне байланысты жанартау кратеріне бес шақырым радиуста жақындауға тыйым салынады.

Сонымен қатар, лава ағынының жүруі, ыстық газ бен күл бұлттарының таралуы және жақын маңдағы өзен арналары бойымен лай көшкіндерінің жүру қаупі сақталып отыр.

Семеру — Индонезиядағы биіктігі жөнінен төртінші жанартау. Оның теңіз деңгейінен биіктігі 3676 метрге жетеді. Сондай-ақ ол — Ява аралындағы ең биік шың.

Индонезия Тынық мұхиттағы «Отты белдеу» аймағында орналасқан. Бұл — сейсмикалық және жанартаулық белсенділігі жоғары өңір. Ел аумағында 500-ден астам жанартау бар, олардың шамамен 130-ы белсенді.

Бұған дейін Камчаткадағы Шивелуч жанартауы күлді теңіз деңгейінен шамамен бес шақырым биіктікке атқылағаны хабарланған еді.

Шивелуч — Камчатка түбегінде орналасқан белсенді жанартау. Оның жасы 60–70 мың жыл деп есептеледі. Ол Ескі Шивелуч жанартауынан, ежелгі кальдерадан және белсенді Жас Шивелуч жанартауынан тұрады.

Жанартау Усть-Камчатск ауданына қарасты Ключи елді мекенінен шамамен 50 шақырым, ал Петропавл-Камчатский қаласынан 450 шақырым қашықтықта орналасқан.