Паулу қаласында жерасты дүмпулері басталған кезде сотталғандар түрме басшылығынан өздерін бостандыққа жіберуді сұраған. Қалаулары орындалмағаннан кейін 340 адам бүлік шығарып, түрмеге от қойған. Колонияға дереу полиция қызметкерлері жеткен. Бірақ жағдайды толығымен бақылауға алу мүмкін болмаған. Сотталғандардың бірқатары қашып үлгерген.
Түрмеде әлі де жүздеген адам бар. Бірақ күзет қызметі оларды әрең бақылауда ұстап отыр. Себебі колония ғимараты зілзала мен өрттен қатты зардап шеккен.
Еске салайық, жұма, 28 қыркүйек күні Паулу қаласына жақын орналасқан Сулавеси аралында 6,1 және 7,4 магнитудасымен екі жер сілкінісі болды. Қуатты жерасты дүмпулері биіктігі екі метрден асқан цунамидің туындауына әкеп соқтырды. Соңғы мәліметтер бойынша, 832 адам қаза болды. Бұған дейін ажал құшқан 420 адам туралы айтылған еді. Ел үкіметі бұл сан әлі де артуы мүмкіндігін жоққа шығармайды.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, екі күннен бері Сулавеси аралын астан-кестең еткен табиғи апаттан қаза тапқандар арасында қазақстандықтар жоқ.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Индонезия Президенті Джоко Видодоға көңіл айту жеделхатын жолдады.