Индонезиядағы су тасқынынан мерт болғандар саны 500-ден асты

Фото: report.az

АСТАНА. KAZINFORM – Өткен аптада Индонезияны басқан су тасқыны салдарынан мерт болғандар саны 500-ден асты. Құтқарушылар зардап шеккен аудандарға жетуге ұмтылып-ақ жатыр, деп хабарлайды BBC.

Үкіметтің Төтенше жағдайлар агенттігінің мәліметтеріне қарағанда, Малакс бұғазында қалыптасқан сирек кездесетін циклон салдарынан пайда болған су тасқыны 1,4 млн адам тұратын үш провинцияға зардабын тигізді. 500 адам із-түзсіз кеткендердің қатарында, мыңдаған адам жарақат алды.

Тропикалық дауыл салдарынан күшейе түскен муссондар Оңтүстік-Шығыс Азияда кейінгі кезде болған ең күшті су тасқындарының бірін туындатты. Малайзия мен Тайландта жүздеген адам мерт болып, өңір бойынша миллиондаған адам зардап шекті. Тайландта ресми мерт болғандар саны 170 адамға жетті, тағы екі адам Малайзияның солтүстігіндегі Перлис штатында көз жұмды.

Шри-Ланкада су тасқыны мен көшкін тудырған табиғаттың дүлей күшінің салдарынан 160 адам құрбан болды.

Өте сирек кездесетін қуатты «Сеньяр» циклоны Индонезияда ауқымды көшкін мен су тасқынының туындауына себеп болды. Салдарынан көптеген үйлерді су шайып, мыңдаған ғимарат құлады.

-Тасқын өте жылдам болды, санаулы минуттарда су көшелерге жайылып, үйлерді басып кетті,-деді Индонезия провинциясының тұрғыны Ачех Арини Амалия.

Ондаған адамның құтқарылғанына қарамастан қолайсыз ауа райы құтқару операцияларын қиындатып жіберді, жүздеген адам әлі де қауіпті аймақта отыр, деп хабарлады Индонезияның төтенше жағдайлар агенттігі.

Осыған дейін Индонезияда су тасқынынан 442 адам қайтыс болғаны туралы жаздық.