Индонезиядағы қазақстандық туристерге жергілікті биліктің нұсқауын орындауға кеңес берілді
18:33, 07 Желтоқсан 2016
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Инвестициялар және даму министрлігі туризм индустриясы департаменті қазақстандық туристерге Индонезиядағы зілзалаға байланысты үрейге берілмей, жергілікті биліктің нұсқауын орындауға кеңес берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы өзінің Facebook парақшасында ҚР Инвестициялар және даму министрлігі туризм индустриясы департаментінің директоры Марат Иғали мәлім етті.
«ҚР Инвестициялар және даму министрлігі туризм индустриясы департаменті Индонезиядағы зілзалаға байланысты сол жақтағы қазақстандық туристерге үрейге берілмеуге және жергілікті биліктің нұсқауын орындауға кеңес береді», - деп жазды М.Иғали.
Қазақстан туроператорларын департамент сол елдегі сейсмикалық жағдайды қадағалап отыруды және отандық туристерді орын алуы ықтимал қауіп-қатерлер туралы жедел құлақтандыруды үндеді.
Айта кетейік, 2016 жылдың 7 желтоқсанында Индонезияда зілзала орын алды. Әлемдік БАҚ-тың хабары бойынша, Индонезия жағалауларында болған жер сілкінісінен 54 адам қаза тапқан.