Индонезиялық хакерлер 100-ден астам австралиялық сайттарды бұзды

АСТАНА. 5 қараша. ҚазАқпарат - «Anonymous» тобымен байланысы бар индонезиялық хакерлер Азиядағы тыңшылық дау-дамайына Австралияның қатыстылығына орай жүзден астам австралиялық сайттарға шабуыл жасады. Бұл туралы ВВС хабарлады.

Хакерлер австралиялық компаниялардың сайттарын бұзып, олардың парақшаларына «Индонезияға тыңшылық жасауды доғарыңдар» деген талаптарын жазып кеткен. Sydney Morning Herald газеті бейсенбідегі жариялымында Азиядағы Канберраның дипломатиялық миссиялары телефон байланыстары мен электрондық коммуникацияларды тыңдау үшін пайдаланылғанын хабарлады. Өз кезегінде Австралия Сыртқы істер министрлігі бұл хабарламаға түсініктеме беруден бас тартты. Өткен жұмада тыңшылық дау-дамайына байланысты австралиялық елші Индонезия Сыртқы істер министрлігіне шақыртылды. Бұдан бұрын Қытай мен Индонезия тарапы австралиялық елшіліктер америкалық арнайы қызметтермен ақпарат жинау үшін пайдаланылғанына наразылықтарын білдірген еді.