Қызылорда облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасынан мәлім еткендей, ерлер арасында өңірлік «Қайсар» командасы турнир жеңімпазы атанса, қыздар командасы күміс жүлдені иеленді.
Жарыста ерлер арасында «Үздік қақпашы» номинациясында Бақытбек Сәрсенбайұлы, қыздар арасында «Үздік жартылай қорғаушы» номинациясында Диана Маратжанова марапатталды.
Спортшылардың алдағы жоспары - қыздар құрамасы үстіміздегі жылдың 5-12 ақпаны аралығында Германияның Берлин қаласында индор хоккейден өтетін Әлем чемпионатына қатысады. Ал 20-29 наурыз аралығында Алматы облысында болатын ҚР чемпионатында ерлер және қыздар командалары облыс намысын қорғайды.
Команданы жарысқа индор хоккейден және көгалдағы хоккейден ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сұлтанбек Қобландин дайындады.
Айта кетейік, көгалдағы хоккейден 5-15 наурыз аралығында Иорданияның астанасы Амман қаласында өтетін Азия чемпионатына облысымыздан тоғыз спортшы Қазақстан құрама сапында өнер көрсетсе, жоғары лига командалары арасындағы Ресей федерациясының ашық чемпионатында «Қайсар» ерлер командасы шеберлік байқасады.