Индорхоккейден Азия кубогында Қазақстан құрамасы күміс алды
АСТАНА. KAZINFORM - Жабық ғимараттағы көгалдағы хоккейден (индорхоккей) Қазақстан әйелдер құрамасы Азия кубогында күміс жүлдегер атанды.
Дүбірлі дода Таиландтың Чонбури қаласында өтті.
Қазақстандық хоккейшілер финалда Таиланд құрамасынан 2:6 есебімен жеңіліп қалды.
Азия кубогында Қазақстан құрамасы топтық кезеңде А тобында сынға түсті. Жарыс барысында Вьетнамды 28:0, Малайзияны 5:1, Оманды 8:0, Иранды 5:1 есебімен тізе бүктірді.
Одан кейін жартылай финалда Индонезиямен негізгі кезеңде 3:3 есебімен тең түсіп, буллитте қазақстандық хоккейшілер жеңіске жетті. Осылайша финалға жолдама алды.
Азия кубогында үшінші орынға Малайзия құрамасы ие болды. Олар қола жүлде үшін кездесуде Индонезиядан 4:0 есебімен басым түсті.
Енді 21-25 мамыр аралығында Талдықорған қаласында ерлер арасында Азия кубогы жалауын көтереді.
Индорхоккейден еліміздің әйелдер құрамасы 2010, 2012, 2014, 2015, 2017, 2019 жылдарда алты мәрте чемпион атанса, 2009, 2024 жылдарда екінші орынға жайғасты.