Индустриалдық форум аясында 6 нысан пайдалануға беріліп, 4 жобаның құрылысы басталады

None
АСТАНА. 3 шілде. ҚазАқпарат - Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтетін Индустриалдық форум барысында Үдемелі индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында ағымдағы жылдың 1 жартыжылдығында өңірлерде салынған 6 нысан пайдалануға беріліп, 4 жобаның құрылысы басталады.

Ұлттық телекөпір пішініндегі форум аясында ел өңірлерімен жұмыс кеңесі өтіп, онда ҚР Үкіметі Мемлекет басшысы алдында ҮИИД бағдарламасының іске асырылуы туралы есеп береді. Сонымен қатар онлайн-режімде өңірлерде салынған 6 нысан пайдалануға беріліп, 4 жобаның құрылысы басталады.

Айта кетерлігі, форум аясында «Қазақстандық өнімді сатып ал» атты отандық тауар өндірушілердің өнімдерінің көрмесі өтеді. Онда шамамен 250 кәсіпорын өнімнің 700 түрін ұсынады. Сондай-ақ көрме аясында қазақстандық қамтуды дамыту мақсатында ұлттық компаниялар мен отандық өндірушілер арасында ұзақ мерзімді шарттар мен меморандумға қол қойылатын болады. Жалпы сомасы 15 млрд. теңгені құрайтын 48 құжат рәсімделеді.

Естеріңізге сала кетейік, Үдемелі индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында екі жарым жылдың ішінде 443 жаңа өндіріс орны ашылды. Алдын ала деректер бойынша тек өткен 6 ай      ішінде ғана Индустрияландыру картасының барлық кәсіпорындары 300 млрд. теңгенің өнімін шығарды.