Индустрия және туризм комитеті Стокгольмдегі қазақстандықтарды үрейленбеуге шақырды
2017 жылдың 7 сәуірі күні Швеция астанасы Стокгольмде жүк көлігі адамдарды басып кетті. Осы оқиғаның салдарынан 3 адам мерт болды. Зардап шеккендердің саны нақтылануда. Полиция көптеген адамдардың жарақат алғандығын айтуда.
Швеция премьер-министрі барлығы да терактіге меңзеп тұрғанын айтты. Полиция «Террористік акт туралы» режим енгізді. Стокгольм билігі бүкіл метрополитеннің жұмысын тоқтатты. Вокзал мен өзге де бірқатар ғимараттар эвакуацияланды.
«Оқиғаның салдарынан құрбан болғандардың арасында қазақстандық туристер болғандығы туралы мәлімет әзірге жоқ. МСМ-нің Индустрия және туризм комитеті Швецияда жүрген азаматтарға үрейленбей қауіпсіздік шараларын сақтауға, адамдар көп шоғырланатын аймақтардан аулақ болып, билік өкілдерінің кеңестерін тыңдауға кеңес береді»,-деп жазды Иғали бүгін әлеуметтік желіде.
МСМ-нің Индустрия және туризм комитеті Швецияға туристік сапарлар ұйымдастыратын туроператорларды клиенттеріне қауіптер туралы дер кезінде ақпараттандырып, қауіпсіздік шараларын сақтауды талап етуге шақырады.