Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Альберт Рау бастаған қазақстандық делегация ГФР-ға аттанды
Бұл туралы ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Берлинге сапары барысында қазақстандық делегация ГФР іскер топтарымен кездесуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, делегация құрамы неміс экономикасының Шығыс комитетінің атқарушы директоры Райнер Линдермен, сондай-ақ Шығыс және Орталық Еуропа елдерімен ынтымақтасатын ГФР Кәсіпкерлер қауымдастығымен және Германия Машина жасау қауымдастығымен кездесулері күтіледі.
Бұндай жүздесулер барысында қазақстандық делегация басшысы еліміздің Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасымен таныстыруды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, сапар барысында Германия тарапын Кедендік одақтың құрылуына қатысты шетелдік инвесторларға ашылатын мүмкіндіктер туралы ақпараттандыру шаралары да көзделеді. Сонымен бірге, екі жақты кездесулер барысында энергетика, машина жасау, жаңа технологиялар, химия, қорғаныс және тау-кен өндірісіне қатысты салалар бойынша ынтымақтасу перспективаларын талқылау жоспарланады.