Индустрияландыру бағдарламасы аясында 400-ге жуық жаңа өндіріс ашылып, 90 мыңға жуық жұмыс орны пайда болды - Ә. Исекешев

АСТАНА.  4 маусым. ҚазАқпарат -  Индустрияландыру бағдарламасы шеңберінде өткен 2 жылда 400-ге жуық жаңа өндіріс іске қосылды.

Соның арқасында 90 мыңға жуық жұмыс орындары ашылды. Бұл туралы бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев мәлім етті.

Министрдің айтуынша, өткен 2 жылда еліміздің индустриялық дамуына  қажетті барлық заңнамалар қамтылды. Соның арқасында жоспарды жүзеге асыруға қажетті барлық мүмкіндіктер қарастырылды.

«5 жылға арналған Президенттік бағдарламалардың бірқатар индикаторлары мерзімінен бұрын орындалып жатыр. Мәселен, болжамға сай 2015 жылға қарай жалпы ішкі өнім 2008 жылмен салыстырғанда 7 трлн. теңгеге дейін өсу керек болатын. Бірақ өткен жылдың өзінде аталған көрсеткіш асыра орындалды, бұл 11,2 трлн. теңгеге артып, 27,3 трлн. теңгені құрады.  Жалпы, индустриялық бағдарлама индикаторларының орындалуы 2 жылда 88 пайыздан асты»,-деді министр.

Оның айтуынша, өткен 2 жылда 400-ге жуық жаңа өндіріс іске қосылып, 90 жуық тұрақты және уақытша жұмыс орындары ашылды. Шикізат емес дайын өнімдер шығаруға бағытталған өндірістер арқасында ЖІӨ өңдеуші өнеркәсіп үлесі 11,4 пайызды құрады. Жаңа зауыттар 4 млрд. доллардың өнімін шығарды.