Индустрияландыру бағдарламасы бойынша оқыған алғашқы магистранттар 2017 жылы бітіріп шығады - БҒМ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның жоғары оқу орындарында индустрияландыру бағдарламасы аясында құрылған заманауи зертханаларда білім алған алғашқы магистранттар 2017 жылы бітіріп шығады. Бұл туралы бүгін Мәжілісте «Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту» бағытында «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыруға бюджет қаражатының және Ұлттық қордан бөлінетін қаражаттың тиімді және нысаналы пайдалануын бақылау жөніндегі комиссия отырысында мәлім болды.

Аталған комиссия «Нұр Отан» партиясы фракциясының жанынан құрылған болатын, ол мектептер, балабақшалар құрылысын, мектепке дейінгі мекемелерде мемлекеттік арнайы тапсырыстардың орналасуын, еліміздің 13 жоғары оқу орнында заманауи зертханаларды құру мәселесін қадағалайды.

Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне қарағанда, 2015 жылы 11 ЖОО-ға зертханалар құруға 3 млрд теңге қарастырылған. Соның ішінде 4 ұлттық жоғары оқу орындарына 1,5 млрд теңге, 7 басқа жоғары оқу орындарына 1,5 млрд теңге бөлініп, қаражат толық игерілді. Білім және ғылым министрлігі Жоғары және жоғары білімнен кейінгі білім департаменті директорының міндетін атқарушы Гүлзат Көбенованың айтуынша, 24 зертхана индустрияландыру саясатымен айқындалған 8 бағыт бойынша жұмыс істейтін болады.

«Айта кетерлігі, 2017 жылдың алғашқы тоқсанында осы білім бағдарламасымен және жабдықталған заманауи зертханаларда білім алған алғашқы магистранттар оқуларын бітіріп шығатын болады.  Ең бастысы, оларды жұмыспен қамту үшін оқу мекемелері Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы кәсіпкерлерімен барлық қажетті жұмыстарды атқарып шықты. Яғни, ЖОО-магистрант-кәсіпорын арасында үшжақты келісімшарт жасалды. Ол келісімшартта жұмысқа қабылдайтын кәсіпорын базасында өндірістік тәжірибеден өту мәселелері қамтылған болатын», - деді Г.Көбенова.

Еске сала кетейік, еліміздегі жоғары оқу орындарын заманауи зертханалармен жабдықтау үшін 2015-2016 жылдарға 6 млрд теңге қарастырылған. Осыған байланысты 2015 жылы 11 базалық жоғары оқу орнында 24 жаңа зертхана, ал 2016 жылы 13 ЖОО-да 26 зертхана құру жоспарланды.