Индустрияландыру бағдарламасы бойынша «Самұрық-Қазына» қорының құны 20 млрд. долларды құрайтын 26 жобасы жүзеге асады

А. Қаңтардың 23-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Ағымдағы жылы қаңтардың 1-інен бастап жүзеге аса бастаған Индустрияландыру бағдарламасына «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының құны 20 млрд. долларды құрайтын 26 жобасы кіреді.

Бұл туралы ҚазАқпарат Қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Индустрияландыру жобаларына қарасты 2 жоба 2009 жылы жүзеге асқан. Ал жалпы құны 109 млн. АҚШ долларын құрайтын 4 жоба 2010 жылы аяқталады деп күтілуде. Бұдан басқа, 2010 жылы 18 жобаның құрылысы басталса, 2 жобаның құрылысы 2010 жылдан кейін қолға аланды.

Сонымен бірге, 2010 жылы «Қазақстан Даму банкі» («Самұрық-Қазынаның» еншілес компаниясы) стратегиялық инвестициялық жобалар тізіміне енгізілмеген 10 жобаны пайдалануға береді деп күтілуде. Жалпы, «Самұрық-Қазына» қоры Қазақстан экономикасының мұнай-газ, химия, мұнай-химия, көлік, энергетика, металлургия, фармацевтика, атом өнеркәсібі секілді стратегиялық салалардағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыратын оператор болып табылады. Осы ретте, Қорға кіретін топ тауар, жұмыс, қызмет түрлерін қазақстандық жабдықтаушылардан сатып алу арқылы қазақстандық өндірісті қолдау бойынша кешенді іс-шаралар жүргізіп отыр. Атап айтқанда, 2009 жылы бұндай сатып алу жоспары 1 трлн. 956 млрд. теңгені құрады.