Бұл туралы бүгін Ақордада Үкімет мүшелерінің және әкімдердің қатысуымен өткен индустриялық дамуға қатысты кеңесте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біз үлкен жұмыстың алдында тұрмыз - индустрияладыру бағдарламасы жүзеге асырылғалы жатыр. Жолдау жарияланғаннан бері бір ай өтті, осы аралықта тиісті мәселелер қағаз жүзінде шешілді, бағдарлама қабылданды, оның мән-маңызы халыққа түсіндіріліп жатыр. Әр облыста, ауданда, қалада қандай нысандар іске қосылатыны белгіленді. Егер біз бағдарламаны орындайтын болсақ, бір жылдың ішінде 25 мың тұрақты жұмыс орны құрылады, 5 жылдың ішінде экономикамыз 30 пайызға өседі», деді кеңесте Н. Назарбаев.
Елбасы бағдарлама халықтың әл-ауқатын одан әрі жақсартуға бағытталғанын атап көрсетті. «Индустрияландыру бағдарламасының шеңберінде жаңа мамандықтар пайда болады, жастарымыз басқаша өмір сүреді. Бағдарламаны жүзеге асыру біздің ортақ міндетіміз», деді Мемлекет басшысы.