Индустрияландыру картасы аясында биыл 13,3 мың тұрақты жұмыс орындары ашылады

АСТАНА. 25 шілде. ҚазАқпарат - Биыл Индустрияландыру картасының жобаларын іске қосу есебінен қосымша 13,3 мың тұрақты жұмыс орындарын ашу жоспарланып отыр.

Бұл туралы бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің қатысуымен өткен ведомствоның алқа мәжілісінде мәлім болды.

Айта кетерлігі, 2010 жылдан бері Индустрияландыру картасы аясында пайдалануға берілген нысандар арқасында 2 трлн. теңгеден астам сомаға өнім өндірілген. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібіндегі өнім 1 трлн. тенгеге жуықтаған.

«Жартыжылдық қорытындысы бойынша химия өнеркәсібінде - сала өндірісінің орташа көлеміндегі Индустрияландыру картасы жобаларының үлесі 24 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш құрылыс материалдарының өндірісінде - 13 пайыз, машина жасау саласында 11 пайыз, ал фармацевтикада 10 пайызға тең болды. Жалпы, 2012 жылы ІЖӨ-нің 5 пайыздық өсімінде Индустрияландыру картасы жобаларының үлесі 1,3 пайызды немесе өсудің төрттен бір бөлігін құраған», - делінген баспасөз баянында.