Индустрияландыру картасы: БҚО-да 10 жоба жүзеге аспақ

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында биыл Индустрияландыру картасы аясында 10 жоба жүзеге асырылмақ. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында БҚО кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Арман Жалмағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, қазіргі таңда 3,3 млрд теңгені құрайтын алты жоба Индустрияландыру картасына енгізілген. Шамамен жаңадан 200 жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.

Атап айтқанда, «Кублей» ЖШС мал шаруашылығы қалдықтарын өңдеу цехын салып жатса, «Агран» ЖШС сэндвич-панельдер шығаратын зауытты, «Топан» ЖШС химиялық өндіріс базасын, «134» ЖШС кірпіш зауытын, «Global Procurement» ЖШС бетон араластыру цехын іске қоспақшы. Сондай-ақ «Хасанов» ЖК кондитер өнімдерін шығаратын цехты жаңғыртуда.
 

Жалпы, өңірде Индустрияландыру картасы аясында екінші бесжылдықта жалпы құны 84,4 млрд теңгені құрайтын 29 инвестициялық жоба (1340 тұрақты жұмыс орны) жүзеге асырылуда. Соның ішінде 2015-2016 жылдары 73,1 млрд теңгеге 12 (1800 жұмыс орны), 2017 жылы 8 млрд теңгеге 10 жоба (782 жұмыс орны, 536-сы тұрақты) іске қосылды.

Айта кетейік, 2017 жылы облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары 1,9 трлн теңгенің өнімін өндірді, бұл алдыңғы жылғыдан 5,5 пайызға көп.

«Әсіресе, мұнай өңдеу саласында 27,8 млрд теңге өнім алынып, 1,8 есеге артты. Өсім негізінен «Конденсат» АҚ базасында бензин шығару есебінен қамтамасыз етілді. Мұнда өткен жылдың сәуір айында ашық мұнай өнімдерін барынша мол алуға мүмкіндік беретін вакуумды мұнай айдау секциясы іске қосылды. Сонымен қатар көмірсутегі шикізатын қайта өңдеуде мұнай өңдеу зауытының қуатын жылына 600-ден 850 мың тоннаға дейін ұлғайтуға жол ашатын жоба мәреге жетті. Қазіргі кезде дизель отынын гидротазалау секциясының құрылысы жүргізілуде. Дизель отынын шығаруға мүмкіндік беретін бұл қондырғыны биыл жазда іске қосу көзделуде. Кәсіпорын осы жобаларды жүзеге асыру үшін барлығы 51 млрд теңге (155 млн АҚШ доллары) көлемінде инвестиция салмақ», - деді Арман Жалмағамбетов.