Индустрияландыру картасының жобалары 600 млрд. теңгенің өнімдерін шығарды

АСТАНА. 2 мамыр. ҚазАқпарат - Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің баспасөз қызметінің таратқан ақпаратына сәйкес,  Индустрияландыру картасының 2011 жылы іске қосылған жобалары 600 млрд. астам теңгенің тауарларын өндіріп, қызметтерін көрсетті.

Бұл туралы Pm.kz сайтында хабарланған.

Ведомствоның ақпараты бойынша, Карта аясында іске қосылған жобалардың жалпы өнеркәсіптегі үлесі 3,2 пайызды құрап отыр, оның ішінде өңдеуші өнеркәсіптегі үлесі - 5,3 пайыз. Бүгінгі таңда Картаның барлық жобасы бойынша 3,2 трлн. теңге (33 пайыз) қаржы игеріліп болды.

Индустрияландыру картасына жалпы құны 9,6 трлн. теңге соманың 609 жобасы кіреді. Және олар құрылыс кезінде 250 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік берсе, пайдалануға берілгеннен кейін 180 мың жұмыс орнын қамтитын болады.

2010-2011 жылдары ИНдустрияландыру картасының аясында жалпы сомасы 1,8 трлн. теңгенің 389 жобасы іске қосылды, 42 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды.

Ірі жобалардың қатарында - Шарындағы Мойнақ ГЭС-нің, Жетіген-Қорғас теміржол желісінің, «Өзен-Түркіменстанмен арадағы мемлекеттік шекара» жаңа теміржол желісінің құрылысы бар.