ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУ: ҮИИД МБ-ның бірінші бесжылдығы АЭА-лардың белсенді дамуына жол ашты

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҮИИДМБ-ның бірінші бесжылдығында арнайы экономикалық аймақ инфрақұрылымына алдағы өткен 9 жылға қарағанда 2 есе артық инвестиция салынды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында «KAZNEX INVEST» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Алмас Айдаров мәлім етті.

ҮИИДБ-ның бірінші бесжылдығын жүзеге асыру барысында Қазақстанда 4 жаңа арнайы экономикалық аймақ құрылғанын еске салып өткен ол: «Бүгінде республикада 10 АЭА қызмет етуде. Бірінші бесжылдық кезінде АЭА-лар қомақты қаржылындырылып, бұл өз кезегінде олардың белсенді дамуына жол ашты», - деді.

Осы орайда аталған аймақтарда инвесторлардың белсенділігі артқандығын байқауға болады.

А.Айдаровтың айтуынша, жобаларға 336 млрд. теңге тартылып, осы орайда бұл көрсеткіш 9 жыл бұрынғыдан 7,5 есеге артық болды. Өндіріс көлемі 5 есеге артып, 677,7 млрд. теңгеге жетті. Сонымен қатар құрылған жұмыс орындары 8 мыңға жуықтады.

«Жалпы АЭА-тарды дамыту кезең-кезеңімен жүріп жатыр. Қазіргі кезде жүзеге асырылған 126 жобаның 111-і жобалық қуаттылығы бойынша 50 пайыздан асты», - деді ол.

А.Айдаровтың сөзіне қарағанда, жақын арада жалпы сомасы 2,3 трлн. теңгенің 50 жобасын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Осы тұрғыда қосымша 17 мың тұрақты жұмыс орны құрылады.