Индустрияландырудың екінші бесжылдығына тұжырымдама жобасы 1 қарашаға дейін әзірленеді - Ә. Исекешев

АСТАНА. 25 шілде. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2013 жылдың 1 қарашасына дейін индустриялық-инновациялық дамудың немесе жаңа индустрияландырудың екінші бесжылдығы Тұжырымдама жобасы әзірленеді.

Бүгін өткен ведомствоның алқа мәжілісінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев осылай мәлім етті.

Алқа қорытындысы бойынша, Әсет Исекешев Мемлекет басшысының тапсырмаларын ескере отырып, министрліктің жыл соңына дейінгі бірқатар міндеттерін белгіледі. Атап айтқанда, министр Индустрияландыру картасы аясында ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығына жоспарланған жобаларды уақтылы іске қосу және пайдалануға берілген нысандардың жоспарлы қуатты игеруі бойынша шаралар қабылдауды қаперге салды. «Екіншіден, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2013 жылдың 1 қарашасына дейін индустриялық-инновациялық дамудың немесе жаңа индустрияландырудың екінші бесжылдығы Тұжырымдама жобасын әзірлеу қажет. Үшіншіден, өнеркәсіп өсуін қамтамасыз ету. Осыған орай, Өнеркәсіп комитетіне жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша шараларды қабылдау және 2013 жылдың соңына дейін жүйе құраушы кәсіпорындарға талдау жүргізу тапсырылады. Біз Елбасы қойған міндеттерді уақтылы және сапалы орындауға, сондай-ақ министрлік басқаратын салалардағы жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін барлық шараларды қабылдауға тиіспіз», - деді жиынды қорытындылаған Ә. Исекешев.