Индустриялық алаңдарды басқарудың жаңа тетіктері әзірленеді — Нағаспаев

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Биыл отандық өндірушілермен жасалған келісімшарттардың жалпы соммасы өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есеге өсті. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев айтты.

— Бүгінде еліміздің барлық аймағында инфрақұрылыммен және индустриялық алаңдармен қамтамасыз ету бойынша жүйелі саясат жүргізілуде. Елімізде 16 арнайы экономикалық аймақ бар. Оларға 10,4 трлн теңге инвестиция тартылған. 66 индустриялық аймақ қызмет атқарады. Бұл аймақтарда жалпы құны 1,6 триллион теңге болатын 305 жоба іске қосылды. Сонымен қатар, шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында Шағын өнеркәсіптік аймақтар құрылуда. Бүгінгі таңда 25 шағын аймақта 44 шағын кәсіпорын жұмыс істейді, — деді ол.

Оның айтуынша, алдағы уақытта индустриялық алаңдарды басқарудың жаңа тетіктері әзірленіп, инфрақұрылымды әртүрлі қаржыландыру көздері арқылы қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Сонымен қатар жыл сайын реттелетін сатып алу жүйесінде отандық өндірушілерге басымдық беру жолдары жетілдіріліп жатыр. 

— Мысалы, мемлекеттік сатып алуда есепке алынатын отандық өнімдер тізімі кеңейтіліп, 485 өнімді құрап отыр. Соның арқасында отандық өндірушілермен жасалған келісімшарттардың жалпы соммасы өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есеге өсті. «Самұрық-Қазына» қорының сатып алуларында келісімшарт жасау тетіктері күшейтілді. Нәтижесінде, 10 айда Қор компаниялары отандық өндірушілермен 1,3 трлн теңгеге ұзақ мерзімді шарт пен оффтейк-келісімшарттар жасады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,3 есеге артық, — деді Ерсайын Нағыспаев.

Сонымен қатар ол биыл жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алу тетіктеріне де бірқатар түзету енгізілгенін айтты.

— Биыл 1 шілдеден бастап биржаы арқылы стандартталмаған тауарларды сатып алу тоқтатылды. Осыған байланысты сатып алу платформасы — Tizilim жаңғыртылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде, 10 айда 1 трлн теңгеге ұзақ мерзімді шарт пен оффтейк-келісімшарттар жасалды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7,7 есеге артып отыр, — деді министр.

Айта кетейік, Үкімет отырысында өңдеу өнеркәсібін дамыту және цифрландыру мәселесі қаралып жатыр.