Индустриялық-инновациялық бағдарлама халықтың әлеуметтік әл-ауқатына жақсы әсер етті - Г.Әбдіхалықова

АСТАНА. 21 желтоқсан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Еліміздің индустриялық-инновациялық бағдарламасы республика тұрғындарының әлеуметтік әл-ауқатына жақсы әсер етті», -

деді бүгін Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтіп жатқан тікелей телекөпір барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова.

Оның айтуынша, индустриялық- инновациялық бағдарламадағы бірінші кезекте - жаңа жұмыс орындары. «Қазіргі таңда «Жол картасы» бағдарламасының аясында және басқа да бағдарламалар аясында құрылып жатқан жұмыс орындарының арқасында елдегі жұмыссыздық деңгейі айтарлықтай төмендеді», - деді министр.

Сондай-ақ Г. Әбдіхалықова өз сөзінде еліміздің аймақтарында қысқартылған мемлекеттік қызметкерлерді жұмыспен қамту бағытында да әңгіме қозғай келе, қысқарту жұмыстарының барысында ешқандай да заң бұзушылықтардың орын алмағандығын атап көрсетті. «Қазіргі таңда аталмыш қызметкерлердің жағдайларымен құзырлы органдардың барлығы да айналысуда», - деді Г.Әбдіхалықова.