Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында бұған дейін Қазақстанда өндірілмеген 100-ден астам жаңа өнімдер шығарыла бастады - А. Рау
Бүгін елордада өтіп жатқан Индустриялық форум аясындағы «Қазақстандық қамту-2012» форумын ашқан Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Альберт Рау осылай мәлім етті.
«Елімізде жылына екі мәрте индустриялық-инновациялық форум өткізіп, онда Үкімет пен ұлттық компаниялар, жүйе құрушы кәсіпорындар мемлекеттік Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының жүзеге асуы барысы туралы есеп беру дәстүрге айналғаны белгілі. Оның ішінде жаздағы шара барысында біз негізінен қазақстандық қамтуға қатысты мәселелерге назар аударамыз. Соған орай, «Қазақстандық қамту-2012» форумына қатысушылардың жұмысына жеміс тілегім келеді», - деді Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Альберт Рау.
Оның айтуынша, қазақстандық қамту форумы аясында елдің барлық өңірлерінен келген 240 отандық өнеркәсіптің қатысуымен көрме өтуде. Онда елорда тұрғындары мен қонақтары қазақстандық кәсіпорындардың жетістіктерімен таныса алады.
«Ерекше тоқтала кететін мәселе, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында Қазақстанда бұған дейін ешуақытта шығарылмаған 100-ден астам өнімдер өндіріле бастады», - деді А. Рау.