Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдауға арналған заң қабылданды - Сенат
Енді заң Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.
Аталған құжат «Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы» заңға ілеспе құжат ретінде қарастырылып отыр. Осыған орай заң жобасының негізгі мақсаты қолданыстағы заңнама нормаларын осы заңға сәйкестендіру болып табылады және сол бағытта бірқатар заңнамаларға өзгертулер енгізіледі. Атап айтқанда, Жер кодексіне индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыру үшін уақытша жер пайдалану құқығында жер учаскелерін бөлу мүмкіндігін беру бөлігінде, Салық кодексіне ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық деп танылған жұмыстардың нәтижесі Қазақстан аумағында алғаш рет енгізілген жағдайда, аталған жұмыстарды орындауға жұмсалған шығыстарға салық салуды азайту шаралары көзделеді. Бұдан бөлек, индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерінен өнімді кепілді түрде сатып алу шеңберінде сатып алуды жүзеге асыру қарастырылады.
Бұл ретте Сенат қабылдаған заң индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдауды іске асыру бойынша заңнаманы уақтылы реттеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ экономиканың басым салаларының жұмыс істеуін және пәрменді дамуын жетілдіруге, ұзақ мерзімді перспективада ұлттық экономиканың орнықты өсуі мен оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ететін болады.
Естеріңізге сала кетейік, екінші оқылым барысында депутаттар құжатқа бірқатар өзгерістер енгізген болатын. Атап айтқанда, ҚР Үкіметі инвестициялық келісімшарт жасалған кезден бастап жеті жыл мерзімге бекітетін инвестициялық келісімшарт жасасқан компанияларды жер және мүліктік салықтан босату туралы норма қамтылды. Бұдан бөлек, мемлекеттің қатысу үлесі 25 пайыздан асатын венчурлік қорлар төлейтін дивидендтерді салық салудан, технопарктерді жер және мүлік салығынан босату көзделеді.
Сондай-ақ, мемлекеттің алтын-валюта активтерін толықтыру үшін тазартылған құйма алтынды сатып алудың басым құқығын енгізуіне және ҚР Ұлттық банкі уәкілетті орган деп айқындалуына байланысты Қазақстан Республикасы резиденттерінің тазартылған бағалы металдарды, алтынды және платинаны ҚР Ұлттық банкіне өткізуі кезінде оларды салық салудан босату бөлігінде түзетулер енгізу ұсынылған.