«Дәрісте Сіз адамзатты жаңа белеске көтеретін үшінші индустриялық революция келе жатқанын айттыңыз. Қоғамдағы осындай революцияға Қазақстанның дайындығы қандай және ол дайындықты арттыра түсу үшін не істеу керек?», - деп Назарбаев Университетінің 2 курс студенті Ғалым Байтымбетов қойған сауалға Елбасы: «Нағыз біздің дамуымыз тек қана кейінгі 12 жылдың ішінде болды. Сол 12 жыл болғанына қарамай, біз индустриялық-инновациялық бағдарламаны негізге алдық. Себебі, Қазақстан жер қойнауы ресурстарына қарап қалмауы керек. Бізде тек мұнай-газ ғана емес, сонымен қатар алтын, күміс, металдар, тыңайтқыштар да жеткілікті. Бірақ олардың бағасы құбылмалы», - деп жауап қайтарды. Осы орайда Президент шикізатқа бағынбайтын екінші экономиканы, яғни индустриялық экономикаға бағыт алынғанын жеткізді.
Мемлекет басшысы осыған сәйкес Қазақстанда түрлі салаларда тың жобалар іске асырылып жатқанын айта келе, «осының барлығы соған дайындық болып саналады. Бірақ, бұл әлі де аз. Қазіргі оңтайлы кезде Батыстағы технологияларды көбірек сатып алуымыз қажет. Алайда, олар озық техникаларын оңайлықпен бере салмайды. Өзіне өзі бәсекелес жасауға кім мүдделі? Сондықтан жаңалықтарды осы жерде өзіміз табуымыз керек. Өзіміз шығарып, инновацияларды осы жерде табуымыз шарт. Аталған индустриялық революцияға керекті білімді, ғылымды елімізде шығаруымыз тиіс», - деді.