ФИФА өкілі Кевин Ламурмен еңбек қатынастары 2026 жылғы 17 тамызда тоқтатылғанын растады.
– ФИФА Кевинге екі жылдық еңбегі үшін алғыс айтып, алдағы уақытта сәттілік тілейді, – делінген ұйым мәлімдемесінде.
ФИФА қызметкерлеріне бұл шешім туралы бас хатшы Маттиас Графстром хабарлаған. Оның дүйсенбі күні кешке жіберген электрондық хатында тараптардың «жолдарын бөлуге келіскені» айтылған.
Өткен айда Ламур FIFA Forward Enterprise (FFE) компаниясын құру жөніндегі даулы жоспарды «бір адамның жобасы» деп атаған. Жоба ФИФА жарыстарындағы үлесті жеке инвесторларға сатуды көздеген.
Ол сондай-ақ ФИФА басшылығының бұл жобаға қатысты «жаңылыстырылғанын» мәлімдеді. Кейін ұйым аталған жоспардан бас тартқан.
– ФИФА-ның жүздеген ынталы, өз ісіне берілген және адал қызметкерінің міндеті – футболға қызмет ету. Президент адамдарды біріктіріп, жақындастырып, шабыттандыруы керек. Бүгінде біз бұған мүлдем қарама-қайшы жағдайды көріп отырмыз, – деген еді Ламур.
Ол жұмыс берушісіне адал болуға міндетті екенін мойындағанымен, белгілі бір құндылықтар мен әріптестерінің алдында да жауапкершілігі бар екенін айтқан.
– Егер осы үшін жұмысымнан айырылсам, солай болсын. Бұл шешімді түсіністікпен және құрметпен қабылдаймын. Ең болмағанда бүгін түнде ар-ұятым таза болып, тыныш ұйықтаймын, – деді ол.
Кевин Ламур ФИФА-ға 2024 жылғы қарашада келген. Бұған дейін ол УЕФА бас хатшысының орынбасары қызметін атқарған. ФИФА-ның басқару иерархиясында ол Джанни Инфантинодан екі саты төмен тұрған.
Еске сала кетсек, FIFA сыннан кейін турнирлерге жеке инвестиция тарту жоспарынан бас тартқан еді.
Сондай-ақ FIFA Инфантиноға қатысты жаңа айыптауларды жоққа шығарды.
Ал Еуропаның бірнеше елі Инфантиноны FIFA президенттігіне қайта сайлауға қарсы екенін мәлімдеді.