Инфаркт, инсульттен кейінгі тегін оңалту: оны қалай алуға болады

АСТАНА. KAZINFORM — Учаскелік дәрігердің жолдамасы бойынша пациенттер емдік дене шынықтыруды, физиотерапияны және басқа да оңалту әдістерін қамтитын қалпына келтіру емінен өте алады.

Фото: Больница МЦ УДП РК

Инсульттен, инфаркттан, жарақаттан немесе операциядан кейін оңалту емі негізгі емдеуден кем түспейтін маңызды кезең болып саналады. Көптеген пациент медициналық оңалтудың тек мамандандырылған орталықтарда ғана емес, тіркелген емханасында да қолжетімді екенін біле бермейді.

Алматы қаласындағы №16 қалалық емхананың Оңалту және қалпына келтіру емі орталығының меңгерушісі Назерке Мирзамбекқызы Ұлдақанованың айтуынша, медициналық оңалту ТМККК және МӘМС шеңберінде көрсетіледі.

Учаскелік дәрігердің жолдамасы бойынша пациенттер емдік дене шынықтыруды, физиотерапияны және басқа да оңалту әдістерін қамтитын қалпына келтіру емінен өте алады. Оңалту бағдарламасы әр пациенттің диагнозына, денсаулық жағдайына және жеке қажеттілігіне қарай әзірленеді.

Оңалтудың басты мақсаты – адамның жоғалтқан функцияларын қалпына келтіруге, қозғалу қабілетін жақсартуға, өзіне-өзі қызмет көрсету деңгейін арттыруға және өмір сапасын жақсартуға көмектесу.

Қазақстанда медициналық оңалту үш кезең бойынша жүзеге асырылады:

● 1-кезең – аурудың жедел кезеңінде (алғашқы 72 сағат ішінде), хирургиялық араласулар мен жарақаттар кезінде стационар деңгейінде жүргізіледі;
● 2-кезең – аурудан немесе жарақаттан кейінгі жедел және ерте қалпына келу кезеңінде (алғашқы 6 ай ішінде), сондай-ақ аурудың қалдық көріністері кезінде жоғары технологиялық медициналық көмекті қолдана отырып стационарлық ұйымдарда жүзеге асырылады;
● 3-кезең – амбулаториялық-емханалық ұйымдарда, күндізгі және тәулік бойы жұмыс істейтін стационарларда, оңалту орталықтарында және санаторий-курорттық ұйымдарда жүргізіледі.

2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында Алматы қаласында 11 555 пациент медициналық оңалту курсынан өтті. Оның ішінде 5 412 адам оңалтудың екінші кезеңінде, ал 6 143 адам үшінші кезеңінде медициналық көмек алды.

Айта кетелік Астанада қайтыс болған донордың жүрегі 59 жастағы науқасқа сәтті трансплантацияланды