***
«Егемен Қазақстан» газетінің ҚР Президенті баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауынша, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Франция Президенті Николя Саркозиден Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының басталуына байланысты жолдау-хат келіп түскен. Француз мемлекетінің басшысы Қазақстанның осы тарихи миссияны орындап шығуына табыс тілеген. Хатта «Мен Қазақстан аталған мүмкіндікті пайдалана отырып, өзінің іргелі қағидаттары мен осы Ұйымның құндылықтарын ұстанатындығын тағы да дәлелдейді деп сенемін. Сіздердің төрағалықтарыңызды табысты өткізуге қол жеткізуде Сіз Францияның қолдауына және жеке менің қолдауыма сенсеңіз болады», делінген.
Франция Президенті Николя Саркозидің ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жіберген жолдау-хаты «Казахстанская правда» газетінде де жарияланды. «Мен 2010 жылы ЕҚЫҰ Саммитін өткізу идеясы жаңа қолдауға ие болатынын қанағаттанарлық сезіммен атап өтемін. Біз әлі нақты шешім қабылдамағандармен бірлескен жұмысты жалғастыруымыз қажет. Сіз біздің елдеріміздің арасындағы тығыз қарым-қатынастарға менің қандайлық мән беретінімді білесіз. Біздің өткен жылғы қазанда Астанадағы кездесуіміз оған жаңа серпін берді. Бұдан былай да біз осы қарқынды ұстауымыз керек», делінген Франция Президентінің жолдау-хатында.
Осы басылымда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың «Қазақстанның жұлдызды сағаты» атты мақаласы жарық көрді. «14 қаңтарда Венада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Тұрақты кеңесінің отырысында Қазақстан Республикасының 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалығының ресми тұсаукесері болып, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұйымға қатысушы мемлекеттерге үндеуі оның басты оқиғасына айналды. ЕҚЫҰ үшін бұрын-соңды мұндай оқиғаның болмағандығынан ғана емес, сонымен қатар, Қазақстан Президентінің Ұйымның жауапкершілік аймағындағы осы заманғы сынақтар мен қатерлерге жасалған талдауының тереңдігі және бүкіл қоғамдастық үшін стратегиялық іс-қимыл жоспары жөнінде шын мәніндегі тарихи бағдарламалық сөзі еліміздің Ұйым ішіндегі "қарым-қатынастар экологиясын" қалпына келтіруге, ЕҚЫҰ-ның белгілі бір дағдарысына соқтырған қасаңдықтар мен қате түсініктерді, сенімсіздіктер мен күмәнданушылықты өзгертуге деген берік ұмтылысын көрсетіп берді», деп жазады автор.
«Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалық етуімен «С» вирусты гепатиті жағдайы бойынша жұмыс кеңесі өтті. Кеңесте Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев осы мәселе бойынша ақпарат берді. Министр азаматтардың медициналық іс-әрекеттерден, қан және оны алмастыратын заттарды құю кезінде вирус жұқтыруын болдырмау мақсатында жүйелі шаралар қабылданғаны және инфекциялық бақылау күшейтілгені жөнінде баяндады» делінген «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында жарық көрген «Инфекциялық бақылау күшейтіледі» атты мақалада.
Осы жайтқа тоқталған «Казахстанкая правда» газетінің жазуынша, Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігі азаматтардың медициналық іс-әрекеттер және тамырішілік инфузиялар кезінде вирус жұқтыруына жол бермеу бойынша жүзеге асырып жатқан кешенді жүйелі шараларды мақұлдаған. Сондай-ақ, Премьер-Министр 1 миллиард 700 миллион теңге көлеміндегі қосымша қаржыландыру туралы ұсынысты қолдаған.
Қаңтардың 21-інде Бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттікте Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің қатысуымен кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Осы жиын арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінің жұма күнгі нөмірінде «Маңызды міндетке - маңызды назар» деген тақырыппен жарияланды. «Жалпы айтқанда, 2009 жылы агенттік 179 рет сотқа шағымданды. Қазір соның 60 ісі бойынша нақты шаралар қабылданып, сот шешімі бойынша кәсіпкерлерге 24,6 млрд. теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұдан басқа қаржы саласында екінші деңгейлі банктердің заң талаптарына қайшы іс-әрекеттері анықталды. Олардың кейбірі жеке азаматтарға және мекемелерге ірі көлемде несие беріп отырған. Ал басқа банктер болса, несие сұраған халықтың бетін қайтарып келген. Осыған байланысты қазір банктердің қызметіне тексерулер жүргізіліп, олар бойынша тиісті шаралар қолданылуда», деп жазады басылым.
Ал осы алқа мәжілісі арқау болған мақала «Айқын» газетінде «Алаңдайтын нәрсе аз болмай тұр» деген тақырыппен басылған. Бәсекелестікті қорғау агенттігі басшысының мәліметінше, 2008 жылы мемлекеттік кәсіпорындардың қызметінен бюджетке түскен дивиденттер тек ащы күлкі ғана туғызады - бәрінің жабылып, құйған табысы бар-жоғы 1 миллиард 520 миллион теңге ғана! «Бұл сол мемлекеттік кәсіпорындарды ұстап тұруға мемлекет шығындаған сомадан 57 есе кем!» деді М.Есенбаев. Үкімет әлгілерге сол жылы «бір тиынын екі ет!» деп 87,5 миллиард теңге беріпті. Сонша қаржының қайда жұмсалғаны, кімнің жұтқыншағына жұтылып кеткені беймәлім», деп жазады басылым.
Үкімет басшысының қатысуымен өткен алқа мәжілісі жайында «Казахстанская правда», «Экспресс-К» басылымдарында да кеңінен жазылған.
***
«Жел тұрмаса, шөптiң басы қимылдамайды» деген сөз бар. Соңғы бiрер апта iшiнде: «31-телеарна» қазақтiлдi бағдарламаларын жауып тастады, қазақтiлдi журналистер мен қазақтiлдi техникалық мамандар (оператор, дыбыс, бейне инженерi), бас-аяғы 20-ға жуық азамат жұмыстан босатылды» деген ақпарат желдей естi. Айтса айтқандай, бiз де арнаның бағдарламалық кестесiнен «Замандастар», «Кәсiпкер», «Биiк мақсат» және күзгi маусымда ғана тұсауын кескен «Бiлгiрлер бәйгесi», «Пiкiр алаңы» сынды бағдарламалардың алынып тасталғанын аңғардық, деп жазады «Түркістан» газеті. Мақала басылымда «31-телеарнада» қазақтiлдi бес бағдарламаның күнi батты», деген тақырыппен жарық көрді.
2009 жыл - ауыр атлетика үшiн сәттi жылдардың бiрi болды. Қазақ спортының тарихында, әсiресе Ауыр атлетика федерациясының тарихында әлем чемпионатынан төрт бiрдей алтынды иемдену болған емес. Осыған орай, «Түркістан» басылымы сан алуан сауалдарын Ауыр атлетика федерациясының президентi Қайрат Тұрлыхановқа қойған. «Мақсат - қазақтың есiмiн әлем аренасында жаңғырту» деген тақырыппен берліген сұхбаттан федерация президентiнің тұщымды жауаптарын оқуға болады.
***
Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен Тіл саясатын жүзеге асырудың жаңа кезеңіне арналған Мемлекеттік бағдарламаны әзірлеумен айналысатын жұмыс тобы құрылды. Кеше осы жұмыс тобының алғашқы отырысы Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің төрағалығымен өтті. Алқалы жиын арқау болған мақала «Айқын» газетінің бүгінгі нөмірінде «Тіл тұғырдан түспесін!» деген тақырыппен жарияланды. Мақалада жиынға қатысушылардың сөйлеген сөздері жеке-жеке берілген.
Осы жұмыс тобының алғашқы отырысына арналған мақаланы «Казахстанская правда», «Литер» басылымдарынан да оқи аласыздар.
«Айқын» газетінің дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының бүгінгі қонағы - экономика және биология ғылымдарының доктор, академик Аманбек Ақаев. Екеуара әңгіме барысында айтылған жайттардың егжей-тегжейін басылымның бүгінгі нөмірінде жарияланған «Қазір балалар арасында «біз аққудан тарағанбыз» деген ұғым қалыптаса бастапты» деген сұхбаттан оқи аласыздар.
***
Өткен жылдың соңында еліміздегі анағұрлым түйткілді банк ретінде танылған БТА банк пен Альянс банктің басшылығы сыртқы қарызды қайта құрылымдауда кредиторлармен келісімге келгені белгілі. Бүгінгідей қаржылық қиыншылық жағдайында мұның өзі үлкен жетістік. Дейтұрғанмен, 2010 жылы банкирлерді оңай жыл күтіп тұрған жоқ. Алда - тынымсыз тірлік, жанкешті жұмыс. Сонда ғана ел ішіндегі банктер қалыпты даму үрдісіне өтеді деген сенім бар. Ендеше, биыл банктердің қызметі қалай дамымақ? Негізгі стратегиялық күш қай салаға жұмсалады? Осы және басқа сауалдарды «Экономика» газетінің тілшісі БТА Банкі Басқармасының төрағасы Әнуар Сәйденовке қойған. Екеуара әңгіме «Біз экономиканың дамуына қызмет ете бастаймыз» деген тақырыппен басылған
«Тарифтер тағы қымбаттады». «Жаңа 2010 жыл коммуналдық қызметтерді пайдаланатын павлодарлықтарға «тосын сыйларын» бірге ала келді. Бұған дейін қала тұрғындары 1 қаңтардан бастап қоғамдық автобустарда, сонымен бірге трамвайларда жүру бағасы 35 теңге болатынын естіген еді. Сонымен бірге, павлодарлықтар тұрмыстық қоқыс шығару қызметінің тарифі өсетінен де құлағдар болған. Былтырғы желтоқсан айында жария етілген лифтіні пайдаланудың жаңа тарифтік жүйесі де тұрғындардың уайымын қоюлата түскен. Ендігі жерде, «жығылғанға жұдырық» демекші, жыл басынан бастап Павлодар қаласында электр энергиясы мен жылу қуаты, су және кәріз қызметі қымбаттады», деп жазады «Экономика» басылымы.