Инфляция 5 пайыздан сәл жоғары болады - Қ. Келімбетов

None
АСТАНА. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат - Биыл Қазақстанның экономикалық өсімі 6 пайызға жетеді. Бұл туралы бүгін Кедендік одақ және Бірыңғай экономикалық кеңістік аясындағы елдердің Орталық банктері басшыларының аталған аймаққа кіретін Орталық банктердің валюталық саясаты бойынша 6-шы консультациялық кеңесте ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Қайрат Келімбетов мәлім етті.

Бұл жиынға РФ Орталық банкі төрайымы Э. Набиуллина, Беларусь Орталық банкі төрайымы Н. Ермакова қатысуда.

«Бізде тығыз экономикалық интеграция болғандықтан, Орталық банкирлердің кездесуінде макроэкономикалық саясат мәселесі көтеріледі. Біз бір-бірімізді ішкі бағамдық, валюталық және қаржылық-несиелік саясаттағы өзгерістер жайында ақпараттандырдық. Жалпы алдағы болашақтағы біздің елдердегі экономикалық өсімдердің мүмкіндіктері жөнінде, инфляция бойынша ақпарат алмастық»,-деді Қ. Келімбетов.

Оның сөзіне қарағанда, қазақстандық тарап биылғы жылы экономикалық өсім 6 пайызға жететін, ал инфляция 5 пайыздан сәл жоғары болатындығын хабарлады.

«Біз сонымен қатар резервтер жағдайы туралы атап өттік. Биылғы жылғы Ұлттық банктің жиынтық резерві Ұлттық қордың қаржысымен бірге 93 млрд. АҚШ долларынан асып түсті. Жақын арада бұл көрсеткіш бойынша 100 млрд. долларға жетеміз»,-деді Ұлттық банктің төрағасы.