Инфляция бойынша сарапшылардың болжамы орындалмады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жағдайда макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етудің негізгі факторы Ұлттық банктің ақша-несие саясатын және Үкіметтің фискалдық саясатын үйлестіру болып табылады. Сондықтан таяу жылдарға арналған макроэкономикалық өлшемдер бірлесіп пысықталып, Ұлттық банк тарапынан қолдау тапты.

Атап айтқанда, жылдық инфляцияны 8% деңгейге дейін төмендету ішкі бағалардың айырбастау бағамының жаңа өлшемдеріне бейімделу үдерістерінің аяқталғанын білдіреді. Ұлттық банктің негізгі басымдығы жылдық инфляцияны белгіленген дәлізде жедел тұрақтандыру болып табылады, себебі онсыз инвестициялық белсенділікті қайта бастау және ұлттық валютадағы ресурстар бойынша мөлшерлемелерді төмендету мүмкін емес.

Жалпы, «егер де барлығы баға өседі деген болжам жасаса, онда бағаның өсуі әбден мүмкін» деген қағида бар. Алайда, бұл мәселеде Қазақстан қалыптасқан бұл тұжырымның орындалмауына барынша әрекет етті.

Адамдар бағаның елеулі деңгейде өсетінін сөз етіп жүр еді, бірақ та Үкіметтің, Ұлттық банктің және әкімдердің бірлескен іс-қимылдарының нәтижесінде бұл бағыттағы шараларды қатаң бақылауға алуға мүмкін болды. Әрине, бағаның өсімі болды, алайда оның деңгейі сарапшылар болжаған жоғары көрсеткішке жетпеді.

Негізінен, бағаның өзгеруі тұрғысында ішкі факторларға маусымдық жағдайлар, табиғи монополиялар тарифтерінің өсімі, жанар-жағармай бағасының жоғарылауы ықпал етті. Ал сыртқы факторларға кейбір шикізат түрлеріне әлемдік биржалық бағаның өсуі әсер етіп отыр.

Олар инфляциялық шиыршықтың тарқатылатынытуралы қауіпті айтып, екі таңбалы инфляциялық жағдай орын алатынын қарастырған еді. Мәселен, ағымдағы жылдың қаңтарында Еуропалық қайта құру және даму банкі 2016 жылы Қазақстанда инфляция деңгейін 10 пайызға дейінгі көрсеткіште болжаған болатын.

«Ағымдағы жылы біз 10 пайызға дейінгі инфляцияны болжап отырмыз, алайда алдағы жылы ҚР Ұлттық банкі 6-8 пайыз дәлізге қайта оралуға қауқарлы болады. Сондай-ақ ұзақ мерзімді болашақта инфляция бұдан да төмен болады деп болжанып отыр»,-деді ЕҚДБ-ның өңірлік экономисі Агрис Преиманис 2015-2016 жылдарға өтпелі кезең туралы банктің баяндамасын жасау кезінде.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы қыркүйекте Үкіметтің кеңейтілген отырысында 2016 және 2017 жылдары инфляция деңгейін 6-8%-ға дейін төмендету макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қажетті маңызды шарт екенін атап өтті.

«Еркін айырбас бағамына көшу арқылы біз өнім өндірушілеріміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қол жеткіздік. Өңдеу өнеркәсіптеріндегі өсім қарқыны қалпына келе бастады. Бірақ теңге бағамына түзету енгізу инфляциялық үдерістердің белең алуына әкеп соқтырды. Бізге инфляция деңгейін биылғы жылдың соңына шейін бір таңбалы санға дейін төмендетуге қол жеткізу маңызды. Халықтың әлеуметтік бақуаттылығы үшін бұл аса қажет. Сондықтан бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін мен тиісті шаралар қабылдап, биыл табиғи монополиялар қызметі тарифтерінің өсуіне жол бермеуді тапсырамын»,-деді Елбасы.

Бүгінде Қазақстан экономикасы қаржылық жаңа жағдайға бейімделіп үлгергенін байқап отырмыз, бұған 2015 жылдың тамызында еліміздің монетарлық саясатының жаңа режіміне дер кезінде ауысуы ықпал етті. Инфляциялық таргеттеу отандық тауар өндірушілерді қолдауға ықпал етіп, ел экономикасында баға бойынша бәсекеге қабілеттіліктің төмендеуіне жол бермеді. Қабылданған шаралар инфляцияны белгіленген деңгейде ұстауға мүмкіндік берді. Мәселен, биылғы қараша айының қорытындысы бойынша инфляция көрсеткіші қайтадан бір таңбалы санға оралып, 2016 жылғы 11 айда 7,5%  болып қалыптасты.

Бірінші кезекте, еліміз 2016 жылы инфляция деңгейін бәсеңдете алды. Жылдық инфляция 8,7 пайызға дейін төмендеген.

Өткен аптадағы Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы 2017 жылғы инфляцияға болжам жасады. «Алдағы 2 айда инфляция белгіленген 6-8%   дәлізге жетіп, 2017 жыл бойы дәліз ішінде болады», - деді Д.Ақышев.

Ұлттық банк төрағасы атап өткендей, Қазақстанның экономикасы айырбастау бағамының жаңа талаптарына бейімделген. «Жылдық инфляция бір таңбалы мәнге дейін төмендеді. Соған сәйкес 2016 жылғы қарашаның қорытындысы бойынша инфляция 1,2%, ал жыл басынан -  7,5% деңгейінде қалыптасты»,-деді Д.Ақышев.