Инфляцияның жылдық көрсеткіші 6,7 пайызды құрады - Ұлттық банк төрағасы

АЛМАТЫ. Қазанның 5-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Статистикалық агенттіктің деректеріне қарағанда, қыркүйек айында инфляция деңгейі 0,6 пайыз болды.

Бұл жайлы ҚР Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченконың бүгін Алматыда өткізген баспасөз мәслихатында айтылды.

Қыркүйек айында азық-түлік тауарлары - 0,4 пайызға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар - 0,5 пайызға, ақылы қызмет көрсету - 0,8 пайызға өсті. Азық түлік тауарлары нарығында баға жармада - 5,5 пайыз, бидай ұнында - 3,6 пайыз, май мен тоңмайда 3,2 пайызға қымбаттап, жемістер мен көкеністер 3 пайызға арзандады. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар тобында баға сұйытылған газда - 6 пайызға, қатты отында 1,1 пайызға артты. Ал ақылы қызмет көрсету нарығында білім беру - 5,9 пайызға, тұрғын үй коммуналдық қызметі 0,5 пайызға көтерілді.

Бас банкирдің айтуынша, инфляция деңгейі қаңтар мен қыркүйек айларының арасында - 5,2 пайыз, ал жылдық көрсетуде 6,7 пайыз болды. 12 айлық көрсеткіште баға азық-түлік тауарларында - 6,5 пайызға, азық-түлікке жатпайтын тауарларда - 5,6 пайызға, ақылы қызмет көрсетуде 8,1 пайызға қымбаттады. 2009 жылғы қыркүйекте ол азық-түлікте - 6,2 пайыз, азық-түлікке жатпайтын тауарларда - 3 пайыз, ал ақылы қызметте 8,6 пайызды құраған болатын.