Ұлыбританияның ірі сауда желісі Waitrose дайындаған есебіне сәйкес, Ұлыбритания тұрғындарының 95%-ы тамақтану арасында жүрек жалғап алады, ал 50%-ы күніне екі-үш рет немесе одан көп тамақ ішеді. Елдің әрбір оныншы тұрғыны тамағын серуен кезінде немесе жұмысқа бара жатып жейді.
«Кейбіреулер үшін белгіленген тамақтану уақыты өткеннің еншісінде. Респонденттердің үштен бір бөлігі дерлік (30%) үстел басына күніне екі рет отырып, үшінші тағамды жеңіл тамақпен алмастыратынын айтты. Басқалары күніне бір рет қана тамақтанып жүр. Әрбір оныншы адам күніне бір рет ас ішіп, қалған уақытта жеңіл тамақтанады», - делінген хабарламада.
«Тамақтану уақыты көбінет – 15:00-ден кейін (43%) және 12:00-ден 15:00-ге дейін. Бұл адамдар негізгі түскі астың орнына жеңіл тамақ іше алатынын көрсетеді», - деп атап көрсетті құжат авторлары.
Тауарлар мен қызметтер бағасының өсуіне байланысты өмір сүру деңгейінің дағдарысы – Ұлыбританиядағы басты тақырыптардың бірі. Елдегі азық-түлік бағасы осындай қарқынмен соңғы рет 1970-ші жылдары көтерілген.
«Биыл басым болып қала беретін бір мәселе – азық-түлік инфляциясының жоғары деңгейі. Бұл адамдардың сатып алу тәсілін ғана емес, тамақ әзірлеу және тамақтану тәсілін де өзгертті», - деді Waitrose сауда желісінің атқарушы директоры.
Бағаға назар аударатын сатып алушылар баға мен сапаның жақсы арақатынасын іздейді, көбіне үлкенірек пакеттерді сатып алады және ақша үнемдеу үшін акцияларды пайдаланады. Сондай-ақ олар тағамдар таңдауды жеңілдетіп, үйреншікті өнімдер мен рецепттерді таңдайды.
Бүгінде Ұлыбритания тұрғындары тәттіге қарағанда ащы тағамдарды көп жейді: ең танымал тағам – чипсы (29%), одан кейін торттар мен печенье (22%) және шоколад (19%) тұр.
Респонденттердің 17%-ы ғана жеңіл тағам ретінде жаңғақ, жеміс немесе көкөніс жейді.